+7-7172-27-89-93
010000, г. Астана, ул.Кенесары 40

АСЫЛТҰҚЫМДЫ АҚБАС СИЫРҒА АҢСАРЫМЫЗ АУДЫ

15 апреля, 2015

Қазақ жері, Ұлы дала төсі қашанда мыңғырған малға толы болған. Өткен ғасырдың соңында үлкен дағдарысқа ұшыраған мал шаруашылығы бүгінде дамудың жаңа биігіне көтеріліп отыр. 

 Осының айғағындай кеше Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен қазақтың байырғы байларының қазіргі ізбасарлары жиылды. Олардың кейбірінің алдындағы малы кеңес кезіндегі ең ауқатты колхоз-совхоздардан артық болмаса, кем емес екен. Ауылдардан келген ауқатты жандармен Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков кездесті.

Қазақстандық дүкен сөрелерінде шетел­дік ет қалған жоқ! АШМ басшысы Асылжан Мамытбеков жиында осындай мәлімдеме жасады.

 

– Бүгінде еліміздің ішкі нарығын өзіміз етпен толтырдық, – деді ол. – Кейде әлі күнге «неге біз етті сырттан тасимыз?» деп кейіп жатады. Сөрелерде қазір ешқан­дай импорттық ет жоқ! Мұны білгендері жөн. Тіпті импортталғанның өзінде ол әралуан консервілер, шұжықтар мен «со­сискілер» жасау үшін бірден технологиялық мақсаттарға кетеді. Қазіргі кезде ешбір дүкеннен импорттық етті көре алмайсыз. Өйткені бізде ет көлемі онсыз да артық.

Сондықтан Қазақстан сыртқа саты­латын ет көлемін еселеп арттырудың қа­мына кіріскен. «Біз енді өзге елдерден тасуды тыйып, өзіміз етті шетелге көптеп сатуға ұмтылудамыз. Кеше мен «Үміт» атты отандық ірі компаниямен кездестім, ол мәскеулік компаниямен ай сайын мың тонна ет жеткізу бойынша контрактіге отырыпты! Әрине, рубльдің күрт құн­сызданып кетуі кесірінен Ресейге өнім сату тиімсіз болып қалды. Соған қара­мастан, біздің өндірушілер өз өнімдерін өткізуде. Кейін теңге мен рубль арасындағы жағдай бұрынғы күйге оралғанда, экс­портымыз бұдан да артатын болады» деді Асылжан Мамытбеков.

Жалпы, осы салада кезінде мемлекет бөлетін қыруар субсидия қаржы тиімсіз шығындалып, тіпті босқа талан-таражға түскені құпия емес.

«Нәтижесінде, кейбір шаруашылықтар тек мемлекеттен мол субсидия алу үшін жұмыс жасады. «Асылдандыру» шаруашы­лықтарының саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Мысалы, Кеңес кезінде елімізде небәрі 8 асылдан­дыру зауыты және 27 асылдандыру шаруа­шылығы ғана болса, ал реформа қар­саңында осы шаруашылықтардың қатары 220-ға жетті! Ең сорақысы сол, асылтұ­қымды ірі қара мал саны керісінше, ке­міген. Оларды көбейту орнына бәрі тиісті мәртебе мен сертификат алуға жан салды. Өйткені содан кейін оның қал­тасына мил­лиондаған субсидиялық қаржы тасқыны құйыла бастайтын» деп еске түсірді министр.

Ақырында, мал шаруашылығымен шындап шұғылданбай-ақ шапшаң баюдың жолын тауып алған бұл кәсіпорын қо­жайын­дары малды қараусыз қалдырды: «Асылдандыру жұмысымен айналысуға оның енді ынта-құлқы жоқ еді. Жасыратын не бар, асылдандыру зауыттарында тұ­қымның жаппай тексізденуі жүрді. Бізге жалған мәліметтер жаза салатын. Соның кесірінен, мысалы, «қазақтың ақбас сиыры» 45 пайызға өнімділік көрсеткіш­тері­нен айырылып қалды. Яғни эволю­циялық жолмен дамудың орнына біз деградацияға ұшырадық. Бізде «асыл- тұқымды» делінген бұқалардың суреті бар, асыл тегінен түк қалмаған. Білмеймін, тіпті немен салыстыруға болатынын?! Бұ­қа текеге ұқсап кетті, мүйізі ғана өсе берді, қал­ғанының бәрі азая түсті» деп ашығын айтты Асылжан Мамытбеков.

Рас, қазір жағдай күрт өзгерген. Бюд­жеттен арна тартатын қайтарымсыз субсидия­лардың компанияларға емес, нысаналы түрде сиыр басына берілуі арқасында қаптатып, жалған «асылдандыру шаруашылығын» құру пайдасыз бола бастады. «Өйткені қазір субсидия сол асылтұқымды ірі қара малды сатып алушыларға беріледі. Сол себепті талапты нарықтың өзі қоюда. Асылдандыру кәсіпорнының он құжаты болуы мүмкін, бірақ егер оның ірі қара малы шынымен асыл­тұқымды болмаса, оған сұраныс болмайды. Рас, одан қаржы үнемдеуге ұйғарған әлдебір фермер бұқа сатып алар, алайда кейін содан өзі зардап шегеді: одан өрген төлдердің асыл- тұқымды екендігін генетикалық зерттеулер растамайды да, бағалары түсіп кетеді. Өнімділігі де кем болады» деп ескертті АШМ басшысы.

Айтқандай, кеше осы іс-шара аясында бірқатар шаруашылықтар «облыс чем­пиондары» атағын иеленіп, арнайы марапат­талды. Бұл байқауда ең көп асылтұқымды ірі қара мал сата алғандар жеңімпаз шықты. Мәселен, «Республика чемпионы» атанған «Қырымдық» шаруа­шылығы былтыр 999 сиыр мен бұқа өт­кізген. «Олардың тірі салма­ғының әр ке­лісінің орташа бағасы 1 мың тең­гені құрады. Бұл ретте ұрғашы бұзаулар орташа есеппен – 350 келі, ал бұқашықтар 450 келі тартты» дейді оның қожайыны. Яғни, асылтұқымды тайыншалардың өзі 350-450 мың теңгеге бағаланады. Асылтұқымды бұқаның құны Астана маңындағы жыл сайын­ғы аукционда 1,5 миллион теңгеге дейін барады.

Бір қызығы, атақты Олимпиада чем­пионы Жақсылық Үшкемпіров осы аталым бойынша кеше «Алматы об­лысының чемпионы» атанды. Спортшы ағамыз асылтұқымды мал өсірумен айналысатын көрінеді. Ол сондай-ақ «Қазақтың ақбас тұқымының рес­публикалық палатасы» кеңесінің төрағасы.

– Мал шаруашылығы – өте ауыр жұмыс, – деді Жақсылық Үшкемпіров. – Мен осыдан төрт жыл бұрын Украинаға бардым, қара ангус тұқымды сиырлар сатып алмақ болдық. Шаруашылықтарына кіріп көрдік, тұр­мыстары өте нашар. «Мыналарың не? Осылай жұмыс жасауға бола ма?» деп таңғалдым. «Не істейміз? Бізде ешқандай субсидия жоқ» деп олар тұнжырады. Сол кездің өзінде Қазақстан осы салаға субсидия қаржыларын арттырды. Біз мұны бағалай білуіміз керек!

Жақсылық ағамыз қазіргі кезде иелігінде 5 мыңнан аса асылтұқымды ірі қарасы барлығын айтты. Ол ата-бабадан қалған осы іске жастарды, өзге адамдарды тартуда екен. «Былтыр Алматы облысынан етті экспортқа мен ғана шығарыппын. 20 тонна болды» деді ардагер спортшы.

Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, «қазақтың ақбас сиырының» саны тез көбеюде: «Егер бірер жыл бұрын олардың қатары небары 130 мыңды құраса, қазіргі кезде 217 мыңға жетті. Яғни, саны екі еселенді. Әрине, көрші елдерден де «ақбас сиырлар» сатып әкелінуде. Өйткені қазір, шын мәнінде, асылтұқымды ірі қара малға елімізде сұраныс өсуде. Әйтпесе, асылтұқым­ды бұқаларды 200 мыңға ет комбинатына өткізген де уақыт болған» деді А.Мамытбеков.

Жалпы алғанда, Қазақстанда қазір асылдандыру жұмыстарына 620 мыңнан аса ірі қара мал тартылып отыр.

Ссылка на издание: http://aikyn.kz/news/view/67366