+7-7172-27-89-93
010000, г. Астана, ул.Кенесары 40

Депутат бағасын берген қожалық

10 января, 2018

Облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Жексенбай Дүйсебаев Ақжайық ауданындағы «Сәбит» шаруа қожалығында болып, асыл тұқымды мал өсіру жұмысымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов астаналық мейманды қожалыққа бастап барды.

Айта кетейік, 2004 жылы құрылып, негізінен асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Сәбит» қожалығының бүгінде шаруасы мығым. Қысқы-жазғы орындардағы мекен-тұрақтарын сайлап алған. Тұрғын үйге қоса, қора-қопсысы да сақадай-сай. Бүгінде кәсібін дөңгелеткен Мирболат, Ерболат есімді ағайынды Құрманғалиевтер өңіріміздегі асыл тұқымды мал өсіруді жақсы жолға қойған маңдайалды шаруашылық. Төрт түліктің ішінен қазақтың асыл тұқымды ақ бас ірі қарасын және асыл тұқымды көшім жылқысын өсіріп, оларды өз төлдері есебінен көбейтуде. Шаруашылықтың малы төрт қыстақта орналасса, олардың бағымымен тұрақты түрде 25 адам шұғылданады. Қожалықтың негізгі малы орналасқан орында бес үй салынған. Біреуінде қожалық иесі тұрса, қалған үйлерде шаруашылықта жұмыс жасайтын төрт отбасы тұрады. Қожалық меншігінде 18 543 гектар жер болса, соның 874 гектары егістік, 811 гектары шабындық, 16 833 гектары жайылымдық жер. Егістіктен түсетін өнім орташа есеппен гектарына 15-20 центнерді құрайды. Бүгінде қожалық иелігінде ірілі-ұсақты 900 бастай асыл тұқымды мал бар. Өткен жылы өңірдің барлық аудандарынан дерлік қожалықтар осы шаруашылықтан 167 бас асыл тұқымды қашар мен бұқа сатып алған.

Түс ауа шаруашылыққа арнайы келген меймандарды ағайынды шаруа жігіттер қожалық маңындағы канал бойынан қарсылап алды. Қонақтардың көліктен түсуі сол екен, қожалық иелері шаруаларымен таныстыра жөнелді. Су арнасын бойлай өскен тал-теректің іргесінде, көпірте шашылған көк шөпті күйсеп тұрған малдың қарасы көп-ақ. Шөбі алдында, суы жанында орналасқан асыл тұқымды аналық осы жерде қыстап шығады екен. Өткен жылғы төлінен енді ажыратылып, төлдеудің жаңа кезеңіне көшкен аналық малдың қыл-майқаны білінбейді. Әр табында 120 бастан бағылады. Каналдың арғы бетінде өткен жылы жай төлдеген марқа бұзаулар анасының қасында ойнақтап жүр. Одан әрі бұрыннан «Қызыл Иван» деп аталып кеткен қожалықтың негізгі мекені орналасқан қыстаққа келіп жеттік. Қаз-қатар салынған тұрғын үйлер, тізілген қора-қопсы. Әуелі заманауи үлгіде салынған малды қолдан ұрықтандыру, ем-дом жұмыстарын жүргізуге арналған бекет, ондағы мал егу жұмыстары көрсетілді. Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі Мақсут Балқыбаев келген қонақтарды қожалықтағы мал тұқымын асылдандыру бағытындағы атқарылған істермен, алда тұрған жоспарлармен таныстырды. Маман осы жұмыстардың барысында кездесетін қиындықтарды да атап, сол мәселелердің шешу жолдарын қарастыру керектігін де айтып өтті.

Қаңқасы темірден тұрғызылып, төбесі қымталып салынған орында өткен жылы алынған төлдер тұр. Асыл тұқымды таналар мен бұқашықтарға арналған қорада барлық жағдай жасалған. Көк шөп, құрама жем, таза сулары алдарында. Ауланың іші мұнтаздай. Бұқашықтар шағын бөлмелерге 12-15 бастан бөлініп қойылған. Әр бөлменің тұсында олардың шығу тегі туралы мәлімет, әр айда қосқан тірілей салмағы секілді барлық қажетті мағлұмат жазылған. Ауланың жанында шағын бордақылау алаңы бар. Бұл «майлы орынға» жаңағы бұқашықтар мен таналар кезектесіп, айына екі мәрте кіріп шығады екен.

Асыл тұқымды мал өсірудің кәнігі маманы Мақсут Балқыбаевтың айтуынша, заманауи үлгіде салынған мұндай станция көп жерде кездесе бермейді. Бұл істердің барлығы асыл тұқымды қазақтың ақбас тұқымды малының басын көбейту, таза қанды бұқалар шығару мақсатында жасалуда.

Өңірдегі мақтаулы қожалықтың жұмысымен жіті танысқан Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев та шаруашылық ісіне көңілі толғандығын айтты.

– Сонау жетпісінші жылдардың басында жоғарғы оқу орнында оқығанда, кейін еңбекке араласып, мал шаруашылығы саласында жұмыс жасағанда, асыл тұқымды мал өсіру туралы теориялық білімім болатын. Ал бүгін алғаш рет Батыс Қазақстан облысынан осы игі істің қалай атқарылатынын көзіммен көріп тұрмын. Мал шаруашылығын дамытып, сапалы өнім алуда мал басын асылдандырудың маңызы зор. Айналысып отырған істеріңіз берекелі болсын! – деді Жексенбай Қартабайұлы.

Қожалық иелері жаңа үлгідегі салынған тұрғын үйлердің аумағын кеңінен қоршап, жеміс ағаштарын егуді де қолға алған.

– Атадан мал қалғанша, тал қалсын демей ме атам қазақ. Сол мақсатта шағын болса да, бақ отырғызуды қолға алдық. Өткен жылдың көктемінде бірнеше жүздеген түп алма ағашын ектік. Бұйырса, екі-үш жылда жемісін көреміз бе деп отырмыз, – дейді Ерболат Құрманғалиев.

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қаңтар айының алғашқы жұмыс күндерінен бастап Парламент депутаттары еліміздің өңірлерін аралауда. Батыс өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар аудан-ауылдарда болдық. Бұндай кездесулер сайлаушылар үшін де, депутаттарға да қажет-ақ. Депутаттар халық пен үкіметтің арасындағы дәнекер іспеттес. Осындай жұмыс сапарларында өңірлердегі оң өзгерістерді көзбе-көз көреміз, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен мұң-мұқтаждарын құлағымызбен естиміз. Содан түйін шығарып, жоғарғы өкілеттік органдарға жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан бірқатар игі істердің куәсі болдық. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту, мал басын асылдандыру мен көбейту мақсатында жасалған қарқынды істердің куәсі болдық. Бүгінде қай салаға болмасын мемлекеттен үлкен қолдау көрсетілуде. Сол арқылы бірқатар түйін шешіліп келеді. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер де бар. Мәселен, бүгінде өндірілген өнімді сапалы өңдеп, уақтылы нарыққа шығарып, тиімді бағамен сату жағы ақсаңқырап тұрғаны белгілі. Өнім өндіретін адам оны өткізуге бас ауыртпауы тиіс деп ойлаймын. Бұл жерде өнімді тасымалдау, өңдеу, сақтау, сатумен шұғылданатын басқа буындар іске қосылуы керек. Ендігі жерде осы мәселеге көп көңіл бөліп, бір шешімін табуымыз қажет.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»